БілімБасты жаңалықтар

Мектеп және оқушылар: оқу жылы қалай қорытындыланады?

Оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Соңғы қоңырау рәсімі қалай өткізіледі? Мектеп бітіру кештері қалай ұйымдастырылады? Жазғы мектептің ерекшеліктері қандай? Біз осы жөнінде нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасының қызметкерлерімен сөйлескен едік…

11 мамырдан бастап облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес облыстағы барлық жалпы білім беру ұйымдары аралас форматта жұмыс жасап жатыр.  Бала саны 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық  251 мектепте (60,3 пайыз) оқу процесі дәстүрлі форматта өткізілуде. Мұндағы оқушылар саны — 24 799 (15,5 пайыз) бала. 165 мектепте (39,7 пайыз) оқу процесі аралас форматта (пәндердің 70 пайызы — штаттық, 30 пайызы — қашықтан) ұйымдастырылып жатыр. Оқушылар саны — 134 894 (84,5 пайыз).

Мұғалжар ауданында 412 оқушы, Хромтау ауданында 233 оқушы ата-аналардың өтініші негізінде онлайн форматта білім алуда.

Ақтөбе қаласындағы 85 мектептің 7-еуінде дәстүрлі, 78-інде аралас форматта оқу процесі өткізілуде.

Айта кету керек, облыс орталығындағы үш ауысымда білім беретін 6 мектепте (№23, №63 орта мектеп-лицейлер және №56, №60, №64, №73  орта мектептер) және күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталмауына байланысты №33 мектепте оқушылардың бәрін бірдей  мектепте оқыту мүмкін болмай отыр.

«Соңғы қоңырау»

25 мамыр күні облыстағы барлық негізгі және орта мектепте 9 және 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау рәсімі өтеді.

Білім және ғылым министрлігінің 5 мамырдағы «2020-2021 оқу жылын  аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттауды өткізу мерзімдерін бекіту туралы»  бұйрығы негізінде бала саны 300 оқушыға дейінгі мектептерде соңғы қоңырау рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ салтанатты шара басқа білім шаңырақтарындағы 9 және 11-сынып түлектері үшін де өткізіледі, — дейді облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасар.

Оның айтуынша, аталған салтанатты жиын облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің келісімі бойынша мектеп аумағында, таза ауада санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық алаңда ұйымдастырылады.

Басқа сыныптар үшін, яғни оқушы саны 300-ден көп мектептің балаларына (9 және 11 сынып оқушыларынан басқа) бұл рәсім  оқу кабинеттерінде сынып сағаттары түрінде болмаса сынып сағаты онлайн режимінде ұйымдастырылады, — дейді басқарма қызметкері.

Жиын кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталмақ. Салтанатты жиынға қатысушылардың бәріне «Соңғы қоңырау» рәсімін өткізу тәртібі және қауіпсіздік талаптарын сақтау туралы нұсқау берілген. Мектеп ғимараты мен аумағында қашықтық сақтауға байланысты белгі салынады (1,5 метр қашықтықты сақтау керек). Шараға әр түлектің ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуі ғана қатысуына рұқсат беріледі. Бұл санитарлық талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.

«Сәт сапар, жас түлек!» шарасында білім алушылардың жетістіктері, өңірдің үздік білім беру жобалары насихатталады.

Мектеп әкімшілігі мен педагогтерге кез келген түрдегі сыйлық беруге тыйым салынады. Мұғалімдер сыйлық алмауға тиіс, — дейді Асхат Ізбасар.

Мектеп бітіру кеші

 Қорытынды аттестаттау аяқталған соң 12-14 маусым аралығында мектеп түлектері үшін ашық алаңда мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады.

Оқушылар саны аз мектептер бітіру кешін барлық сынып үшін бір уақытта өткізуіне болады. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шара бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі, — дейді бөлім басшысы.

Салтанатты түрде ұйымдастырылатын шараның тақырыбы «Тәуелсіздік ұландары». Жиын барысында түлектерге орта білім туралы аттестат табыс етіледі.

Санитарлық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Бұл шараға да түлектердің ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуі ғана қатысады.

Іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ түлектердің жасанып баруына, сыныпты безендірулеріне рұқсат жоқ. Мерекелік үстелдер ұйымдастыруға болмайды. Жалға берілетін автокөліктерге мініп, Ақтөбе қаласында көшпелі экскурсиялар өткізуге де болмайды.  Мейрамханаларда, кафелерде және басқа да ойын-сауық мекемелерінде бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға тыйым салынады.

Мектеп бітіру кеші — думанды той емес, орта білім туралы құжатты тапсыруға арналған дәстүрлі іс-шара екенін әр ата-ана мен түлек жадынан шығармауға тиіс, — дейді Асхат Ізбасар.

Жазғы мектеп

Жазғы мектептің жұмысы ата-аналардың өтініштері негізінде 26 мамырда басталып, 19 маусымға дейін жалғасады. Мақсат — білім сапасын арттыру және шектеу шаралары кезінде білім беруде жіберілген кемшіліктерді түзету.

Облыс орталығында 405 мектеп бар. Жазғы мектеп осы білім шаңырақтарының бәрінде ата-аналардың өтініші негізінде өткізіледі. Үлгерімі төмен оқушылардың бұл мүмкіндікті жіберіп алмағаны дұрыс. Сондай-ақ жазғы мектеп күні кешеге дейін қашықтан білім алған 6, 7, 8, 10-сынып оқушылары үшін қажет. Ал дәстүрлі форматта білім алған балалар үшін, кезекші сыныптарда (1-5-сынып) штаттық режимде оқығандар үшін жазғы мектепке бару міндетті емес.  

Балаларды оқыту тегін ұйымдастырылады. Оқушылардан мектеп формасы талап етілмейді. Үйге тапсырма берілмейді. Бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді.

Сабақ өткізгені үшін педагогтерге қосымша қаржы төленбейді. Мұғалімдерге кезекті еңбек демалысы 19 маусымнан кейін беріледі, — дейді мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлназ Мырзағалиева.

Жазғы мектеп кезінде санитарлық талаптар қатаң сақталады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button